«АрселорМиттал Теміртау» АҚ және Satbayev University арасындағы кездесуде көмір шахталарынан метан газын өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы хабарланды.

Қарағанды көмір алабының шахталарында метанның болуы, бұл шахталарды пайдалана бастағаннан бері шахтерлердің қауіпсіздігіне, сонымен бірге қоршаған ортаны ластауға байланысты көптеген проблемаларды үнемі туғызып келеді. Енді бірлескен кәсіпорын құрылғаннан кейін бұрынғы ескі проблемалар метанды өндіру мен пайдаланудан түсетін жаңа табыс көзіне айналады. «Satbayev University – Arcelor Mittal Gas Production»  бірлескен кәсіпорны өз жұмысын  келісімшарт жасалған аумақтардың көмір қабаттарындағы метанды геологиялық барлаудан бастайды, содан кейін оны өндіреді. Бұл газ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өзінің және Қарағанды облысының қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге метанды химиялық өңдеу арқылы қосымша құны жоғары бірқатар өнімдерді алуға жұмсалады.

«Метанды өңдеу келесі мақсат, оны біздің серіктестеріміздің талқылауына жақын айларда қоямыз» – деді Satbayev University Ректоры Искандер Бейсембетов.

Көмір метанын өндірудің тағы бір қосымша маңызы, ол шахтерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға психологиялық салмақты азайту, сонымен қатар маңайындағы аудандардың экологиясына әсерін азайту. Тараптар көмір метанын өндірумен қатар, өндірістік қауіпсіздікті жетілдіру, информациялық технологияларды, мамандарды дайындау арқылы   Қарағанды өңірінің экологиялық  жағдайын жақсартуға бағытталған инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыратыны туралы мәлімдеді. Соңғы онжылдықта Құрама Штаттарда, Қытайда, Канадада, Австралияда және басқа елдерде метан маңызды энергия көзіне айналды. Дүние жүзінде жылына 58 миллиард текше метр метан өндіріледі. Қазақстанда көмір метаннын өндіру қызметіне салықтық преференциялар бар.