Биыл Металлургия және кен байыту институтының сазтопырақ және алюминий зертханасының меңгерушісі Абдулвалиев Ринат Анварбекұлы 70 жасқа толды.

Абдулвалиев Р.А. жеңіл және сирек металдар гидрометаллургиясы саласындағы атышулы ғалым ретінде отандық ғылымның үздік өкілдерінің қатарына жатады.

Ол 45 жылдан артық уақыт бойы сазтопырақтың, алюминийдің, уранның металлургиясы саласындағы зерттеулермен шұғылданып келеді, кәсіби білгірлігі, ұйымдастыру қабілеттілігі   жоғары ғалым.

Оның бүкіл кәсіптік қызметі металлургия ғылымы мен өндірісінің әртүрлі бағыттарымен тығыз байланысты.

1982-1983 жылдары Павлодар алюминий зауытын жаңғыртуды ғылыми қамтамасыз ететін Қазақ политехникалық институтының салалық сазтопырақ ғылыми зерттеу зертханасының меңгерушісі болып жұмыс істеді.

1984-1990 жылдар аралығында Металлургия және кен байыту институтында жұмыс істеді, ГДР-дің  қоңыр көмірінің  күлдерін кешенді гидро сілтілік өңдеу бойынша зерттеулермен шұғылданып КСРО Ғылым академиясы мен ГДР Ғылым академиясының арасындағы ынтымақтастық аясындағы халықаралық жобаларға қатысты.

1990-1992 жылдары ол «Қазметалл» Ассоциациясының жеңіл және сирек металдардардың металлургиясы бойынша бас сарапшысы. 1992-1994 жылдары Қазақ атом энергетикасы мен өнеркәсібі корпорациясының инновация және экология бойынша директоры қызметтерін атқарды.

1995-1999 жылдары Абдулвалиев Р.А. «Қазақстан алюминийі» АҚ Президентінің ғылым және жаңа өндірістер бойынша кеңесшісі, ал  1999-2000 жылдар аралығында Ақсу ферроқорытпалар зауытының техникалық бөлімінің бастығы болды.

2000 жылдан 2005 жыл аралығында «Қазақ атом өнеркәсібі ҰАК» АҚ-ның стратегиялық жоспарлау Департаментінің бас менеджері, маркетинг және өткізу Департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2005 жылы «Қазақ атом өнеркәсібі ҰАК» АҚ Басқармасының шешімімен бірінші Қазақстан мен Жапонияның уран өндіруші «АППАК» кәсіпорнының бас директоры болып сайланды, бұл кәсіпорынға Жапония жағынан    «Сумитомо» және «Кансай» корпорациялары мүше болып кірді. Оның басшылығымен Қазақстан Республикасының Оңтүстік Қазақстан облысында уран қазатын және пероксидті технология бойынша уранның шала тотығы мен тотығын өндіретін кешен салынып, іске қосылды.

2011 жылдан осы уақытқа дейін Металлургия және кен байыту институтында сазтопырақ және алюминий зертханасының меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Қазіргі кезде оның қызметінің негізгі бағыттарының бірі темірлі бокситтерді өңдеудің Байер-гидрогранатты технологиясының ғылыми негіздерін жасау және өнеркәсіптік игеру болуда.

2017 жылы оның ғылыми басшылығымен «Темірлі көктал бокситтерін өңдеудің Байер-гидрогранатты технологиясының негізінде ҚР Қостанай облысында сазтопырақ зауытын салуды ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету» Бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылды.

Бұл Бағдарлама ҚР Президентінің 2008 жылы 8 ақпандағы Жолдауында айтылған «Жақын арада Қостанай облысында жаңа алюминий зауытын салу жоспарлануда» деген міндеттерге  және ҚР Инвестиция және даму  министрлігінің хаттамалық шешімдеріне сәйкес іске асырылды.

2015-2017 жылдар аралығында Институттың Тәжірибе-эксперименталдық металлургия өндірісі аумағында ТМД елдерінде болмаған пилоттық қондырғы жасалды, Байер-гидрогранатты технологиясының зауытық жағдайларға жақындатылған сынақтары өткізілді; өнімнің тәжірибелік үлгілері: өнімдік шлам, микрондалған алюминий гидроксиді, гидрогранаттық шлам, шойын және құрылыс кірпіштері шығарылды. Қуаттылығы жылына 1 млн. тонна болатын темірлі көктал бокситтерін өңдеудің Байер-гидрогранатты технологиясының негізінде ҚР Қостанай облысында салынатын сазтопырақ зауыты құрылысының Инвестициялық жобасын дайындау үшін қажетті Техникалық регламент пен Техника-экономикалық бағалау жасалды.

Оның ғылыми еңбектері халықаралық ғылыми қауымдастық арасында мойындалды. Қазіргі кезде ол басқарып отырған зертханада Сколково Инновациялық орталығының «Гидрогранатты пигменттер» компаниясы үшін қажетті заманауи антикоррозиялық пигменттер алынатын сазтопырақ өндірісінің қалдықтарын өңдеу технологиясы жасалды. Компаниямен үрдістің технологиялық режимдерін және өнімнің тәжірибелік партияларын жасау туралы Шартқа қол қойылды. Ғылыми-техникалық ынтымақтастық айасында Испарта қаласының (Түркия) Сүлеймен Демирел атындағы Университетімен және Түркияның «ETI Aluminium A.S» алюминий компаниясымен Түркия алюминий зауытының қызыл шламын кешенді өңдеу бойынша жұмыстар атқарылуда

Р.А.Абдулвалиевтің ғылыми қызметі, ұйымдастырушылық қабілеті оны сазтопырақ және уранқұрамды шикізатты өңдеудің ғылыми негіздерін жасауға және технологиялық сызбаларын енгізуге елеулі үлес қосқан сазтопырақ, алюминий және уран металлургиясы саласындағы жетекші ғалым ретінде сипаттайды.

Абдулвалиев Р.А. 150-ден астам ғылыми еңбектерді жариялады, олардың ішінде 1 монография және 30-дан артық КСРО-ның авторлық куәліктері, ҚР-ның Патенттері мен Инновациялық патенттері бар.

Ринат Анварбекұлына зор денсаулық, бақыт, шығармашылық шабыт тілейміз және металлургия ғылымын дамыту үшін жаңа табыстарға жете беруіне тілектеспіз.

Кенжалиев Б.К., «МжКБИ» АҚ бас директоры – Басқарма Төрағасы,

Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері