2018 жылы Тастанов Ерболат Адиятұлы 70 жасқа толды.

Тастанов Е.А. – техника ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының  академигі, «Металлургия және кен байыту институты» АҚ сазтопырақ және алюминий зертханасының бас ғылыми қызметкері.

45 жыл бойы сазтопырақ және түсті металдар гидрометаллургиясы саласында іргелі және қолданбалы зерттеулермен шұғылданып келеді.

1987-1992 жылдары Қазақ политехникалық институтында салалық сазтопырақ ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, 1992 жылдан 1996 жылдар аралығында Павлодар алюминий зауытының Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры болды.

1996-2003 жылдар аралығында «Жайрем КБК ААҚ-ның Қадағалаушы кеңесі төрағасының орынбасары, Директорлар кеңесінің мүшесі, кеңесшісі. 2003-2004 жылдары «Қазхром ТҰК» АҚ стратегиялық және инновациялық даму Департаментінің директоры қызметін атқарды.

2004-2005 жылдары – ҚР БҒМ «Химия-технологиялық зерттеулер орталығы» РМК бас директорының орынбасары.

2005-2008 жылдары аралығында «Марганец» Ғылыми-өндірістік кәсіпорнының бас директоры.

2008-2011 жылдары – «Парасат» ҰҒТХ «Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығы» АҚ  президенті.

2011-2015 жылдар аралығында «KazCopper» ЖШС Басқарушы директоры.

2016 жылдан бері – «Металлургия және кен байыту институты» АҚ-ның сазтопырақ және алюминий зертханасының бас ғылыми қызметкері.

Е.А.Тастановтың сапасы төмен сазтопырақ құрамды шикізатты өңдеудің тиімді схемаларын жасау, күрделі алюминийқұрамды тұзды жүйелерді зерттеу бойынша зерттеулері металлургия ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Оның қатысуымен біраз ғылыми-техникалық зерттемелер дайындалды, Павлодар алюминий зауытында алюминий сульфатының өндірісі жобаланып, өндіріске енгізілді.

Ол ұлттық инновациялық жүйенің дамуына ықпал еткен мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаларды дайындауға қатысты. «Қазақстан Республикасындағы  химия өнеркәсібін дамыту Бағдарламасын» дайындау бойынша, ферромарганец өндірісін, баритті және марганецті кенорындарын қазу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша  инвестициялық бағдарламалардың  жұмысшы топтарын басқарды, бұл бағдарламалар қазіргі кезде ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Е.А.Тастанов қара, түсті, жеңіл және сирек металдар металургиясы саласында ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды орындауда, Қазақстанның металлургиялық кәсіпорындарында технологияларды өндіріске енгізуде тәжірибесі мол, олар:

– Павлодар алюминий зауыты (ПАЗ), 1986 ж. «Alclar 600 синтетикалық флокулянтын қызыл шламның қоюлану үрдісінде пайдалану бойынша зертханалық зерттеулер, тәжірибе-өнеркәсіптік сынақтарды жүргізу және енгізу»;

– Палодар алюминий зауыты (ПАЗ) 1990 ж. «Гидрошайылудың гидратынан алюминий сульфатын алу өндірісін енгізу бойынша зертханалық зерттеулер, тәжірибелік жұмыстар»;

– «Жайрем кен-байыту комбинаты» АҚ 1998 ж. «Үшқатын кенорнының біріншілік марганец кендерін өңдеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу және байыту фабрикасын салу»;

Е.А. Тастанов – 80-нен астам ғылыми еңбектердің авторы, олардың ішінде 15 КСРО-ның авторлық куәліктері, ҚР-ның Патенттері мен Инновациялық патенттері бар.

Ерболат Адиятұлына ұзақ өмір, зор денсаулық, үлкен жанұялық бақыт тілейміз, Қазақстан ғылымының игілігі үшін жоғары шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектеспіз.

 

Кенжалиев Б.К., «МжКБИ» АҚ бас директоры – Басқарма      

Төрағасы, Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері